Домбыра — қанша уақыт өтсе де қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасы болып қалады. Бүгінде нарықта түрлі домбыра жасалып жатыр. Сондықтан өзіне домбыра алғысы келетін адам домбыраны қалай дұрыс таңдау керектігін білмей жатады. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі суретші әрі ұлттық аспаптар жасау шебері Жолаушы Тұрдығұловтан домбыраны алғанда неге назар аудару керектігі және домбыраның жалпы қалай жасалатыны жайлы сұрап білді.
Шебердің айтуынша, домбыра формасына, оның жасалу түріне, материалына және дыбысына қарап таңдалады.
«Негізінде дыбысына қарап көп таңдалады. Өйткені оны күй болса, күйге қалай келу керектігі, яғни, шертпе күй немесе төкпе күй бола ма — соған лайықты етіп алу керек. Мысалы, әншілер оны даусына қарай, тембріне қарай таңдайды. Сонымен қатар, көбіне домбыраны үлкен-кішілігіне, дәстүріне қарап алады», — дейді Жолаушы Тұрдығұлов.
Қалыпта құралған домбыра. © Жолаушы Тұрдығұлов
Сондай-ақ, маман домбыра алар кезде ең алдымен оның дыбысын тексеру қажеттігін айтады.
«Домбыраны таңдаған кезде біріншіден, ол дыбысы таза болуы қажет. Екіншіден, темірі жұмсақ болуы керек. Үшіншіден, құрылымы дұрыс болуы керек. Төртіншіден, ең бастысы ол адамның өзіне ыңғайлы болуы қажет. Кеудесіне жататын, қолына жағатын аспап болуы керек. Әншілер алған кезде олар домбыра үнінің үйлесіміне қарап алады, ал күйшілер домбыра таңдаған кезде оны қандай күй орындауына байланысты таңдайды», — деп түсіндірді Жолаушы Тұрдығұлов.
Қалыптан шыққан домбыралар. © Жолаушы Тұрдығұлов
Мұнымен қоса, маман домбыраның қалай жасалатынына тоқталып өтті.
«Домбыраны жасау үшін бірінші кезекте материал таңдау қажет. Материал міндетті түрде біраз жыл кепкен болуы қажет. Мысалы, кемінде 60-70 жыл кебуі керек. Сол кезде ғана домбыра өте жақсы дыбыс береді. Сондай-ақ, домбыраның шанағы да, мойны да кепкен ағаштан жасалады. Оларды арнайы әдістермен де кептіруге болады. Бірақ оны ең аз дегенде 5-6 жыл уақыт кептіру керек. Ал ылғалдылығы ең кем дегенде 8-12 пайыздан аспауы тиіс. Сол кезде ғана ағаш өз функциясын атқарады, яғни, майысып кетпей, бастапқы қалпын сақтап, жақсы қасиеттерін бере алады», — дейді ол.
Шанақ иу процесі. © Жолаушы Тұрдығұлов
Сонымен қатар, маман елімізде жоқ материалдарды шетелден алдыратынын айтады. «(…) Шетелден де алдырып жатамыз. Мысалы, қызыл ағаш, палисандр сияқты ағаштарды. Ал өзімізде қайың, үйеңкі ағаштары, қарағайдың әр түрлі сорттарын қолданамыз», — дейді Жолаушы Тұрдығұлов.
Ал қазіргі уақытта домбыралардың орта бағасы жайлы сұраққа Жолаушы Тұрдығұлов былай деп жауап берді: «Қазіргі кезде домбыралардың орта бағасы 30-40 мың теңге шамасында. Ал менің және шәкірттерімнің жасаған домбыралары 70-80 мың теңгеден жоғары тұрады. Жақсы домбыралардың бағасы сондай».
Бет ағашы, басы, мойын беті орнатылған домбыра. © Жолаушы Тұрдығұлов
Мұнымен қоса, шебер домбыраны жасағанда оны ұзақ уақыт сақтаудың құпиясы оған лак жағуда екенін айтады.
«Домбыраны ұзақ уақыт сақтау үшін оған лак жағып тұрады. Яғни, аспаптың бетіне қорғаныш қабат жағылады. Ол не үшін керек дейсіздер ғой? Ол ағаштың өзінің акустикалық қасиетін сақтап қалу үшін, екіншіден, оған лақтың ағашқа сіңіп кетіп, оның бастапқы қалпын жойып кетпеуі үшін. Бұл өте маңызды. Осыдан кейін ғана домбыра кептіріледі. Кепкеннен кейін ішек, тиек орындарына қойылады. Олар да жақсы ағаштан жасалуы керек. Мысалы, үйеңкі, қызыл ағаш, қарағаш. Олар жұмсақ болса дыбысты жұтады. Қатты болса дыбыстың таза шығуына септеседі», — дейді Жолаушы Тұрдығұлов.
Лак жағу бөлмесі. © Жолаушы Тұрдығұлов
Лакталған дайын домбыралар. © Жолаушы Тұрдығұлов
Сондай-ақ, маман домбыраның түрлеріне тоқталды. «Домбыраның түрлері көп. Мысалы, қалақ домбыра, тамшы домбыра, кең иықты домбыра, жіңішке домбыра, екі басты домбыра және тағы басқа. Тереңдігіне де байланысты түрленеді. Тіпті ол Батыстікі ма, Шығыстікі ме, Орталық немесе Оңтүстіктікі, Солтүстіктің домбырасы деп бөлінеді», — дейді шебер.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта құралып жасалған тамшы домбыралар жоғары сұранысқа ие.
Қалыпта құралған домбыра. © Жолаушы Тұрдығұлов
Өрнектеліп, перне-ішектері, құлақ-тиектері қойылған дайын домбыралар. © Жолаушы Тұрдығұлов